Жаңалықтар

Фатима Герфанова «Qazaqstan: тұрақты даму моделі жолында» жинағына тең автор болды

Бүгін Астанада «Qazaqstan: тұрақты даму моделі жолында» атты сараптамалық материалдар жинағының тұсауы кесілді. Жинақ авторларының бірі – Аймақтық зерттеу орталығының директоры Фатима Герфанова. Басылымдағы әлеуметтік-экономикалық даму бағытына арналған материалдарды жазуға ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері мен «Талдау мектебі» жобасының қатысушылары атсалысқан.
Тұсаукесер рәсіміне қатысқан Сенат спикері Мәулен Әшімбаев мемлекетке қазір әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешу үшін кешенді зерттеулер мен ұсыныстар қажет екенін жеткізді. Спикердің сөзінше, сапалы сараптама қабылданған шешімдердің дұрыстығын анықтауға немесе белгілі бір бағыттар бойынша тиімді жолды таңдау кезінде көмектеседі.

Фатима Герфанова Айнұр Әмірбековамен бірлесіп жазған «Қазақстанның аумақтық дамуындағы өңірлік экономикалық саясат» зерттеуі үш негізгі бағытты қамтиды:

  • Әр аймақтың кәсіптенген саласы мен мамандар мүмкіндіктерін талдау;

  • Экономиканы басқару: жергілікті билік органдары қолданатын құралдар;

  • Өңірлік инфрақұрылымды зерттеу: жылу-энергетика, жол мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы.
Тұсаукесер барысында зерттеудің қысқаша қорытындылары мен негізгі тезистері жарияланды. Сондай-ақ жинақтың тең авторлары бүгінгі қолданыстағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін қайта қарау қажет екенін айтып, өз ұсыныстарын білдірді.
«Біз қазіргі мемлекеттік жоспарлау жүйесін экономикалық, экологиялық және әлеуметтік даму мәселелерін үндестірген тұрақты даму жүйесіне ауыстыру керек деп санаймыз. Ел аймақтарын тұрақты дамыту стратегияларын барлық өңірге енгізу қажет. Өйткені өңірлерді дамытудың қазіргі жоспарлары ондағы тұрғындарға өз ауылдарының алдағы болашағын болжауға ешқандай мүмкіндік бермейді», – деді Фатима Герфанова.
«Qazaqstan: тұрақты даму моделі жолында» жинағы аймақтық экономикалық саясат, инфляцияның аспектілері, транзит-көлік саласының әлеуеті, білім берудегі бизнестің рөлі, жастар саясатын іске асыру, сондай-ақ мүгедектерді жұмыспен қамту мен инклюзияны дамыту мәселелері сияқты алты бағытты қамтитын материалдардан тұрады. Сонымен қатар жинақта зерттеушілер мен елдің әлеуметтік-экономикалық даму тенденцияларына қызығушылық танытатын мамандарға арналған талдау сараптамалары мен ұсыныстар берілген.