Жаңалықтар

Макинск тұрғындары Бұланды ауданының дамуына белсенді үлес қосуда

1 наурызда Макинск қаласында Бұланды ауданының Тұрақты даму қоры 2021 жыл қорытындылары бойынша есеп беру кездесуін өткізіп, 2022 жылға арналған жұмыс жоспарларымен бөлісті.

2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін аудан үшін маңызды жобаларды бірлесіп белсенді іске асырудың арқасында кәсіпкерлер, өңірдің түрлі қоғамдастықтарының белсенділері, депутаттар және жергілікті билік бірікті.

«Қор – Бұланды ауданының барлық тұрғындары. ААТДҚ – қарым-қатынас жасау, идеялармен алмасу, жеке мысалдарды, табысты тарихты көрсету үшін платформа құру арқылы маңызды мәселелерде және кешенді шешімдер қабылдаудағы өңір серіктесі. Сондықтан Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қорының құрылтайшылары мен қамқоршыларының құрамына «қала активі» деп аталатын жергілікті бизнесті және атқарушы билікті қосу маңызды», — деді ААТДҚ өкілдері.

Кездесуде Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қорының басшысы Ксения Верба еліміздің басқа өңірлеріндегі барлық аудандар мен бағыттар бойынша ААТДҚ қызметі туралы айтып берді.

Данияр Тоқтарбаев Бұланды ауданындағы қызметі бойынша 2021 жыл қорытындыларымен таныстырып, Бұланды ауданындағы қор басшысы ретіндегі өз өкілеттігін тапсырды, енді ол жауапкершілік ауқымын кеңейтіп, барлық өңірлердегі білім беру саласының тұрақты дамуына жауап береді.

Бұланды ауданындағы қордың жаңа басшысы Бақтияр Дүйсебеков 2022 жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырды: жұмыстың негізгі басымдықтары мен бағыттары, жекелеген жобалар мен проблемалық мәселелер.

Кездесуде «powered by NIS ауыл мектебі» бағдарламасына ерекше назар аударылды. Бағдарламаның мақсаты – қала және ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты қысқарту. 2021 жылы оқытушылар құрамын оқытудың және оқу орындарын жабдықтаудың екінші кезеңі аяқталды, білім беруге деген жаңа көзқарасы бар мұғалімдерді тарту және тағылымдамадан өткізу бағдарламасы іске қосылды, мектеп командаларын қалыптастыру бойынша жұмыс басталды. ААТДҚ жоспарында жобаны еліміздің 165 ауданына масштабтау көзделген.

Бұланды ауданындағы қор өкілдері бағдарламаға Макинск қаласының мектеп-гимназиясы қатысатынын, онда іске асыру кезеңінде мектеп ғимаратын күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге 8 млн теңге және жабдықтауға 57 млн теңгеден астам қаражат салынғанын айтты.

Бағдарлама аясында жүзеге асырылған іс-шаралар білім беру сапасын 67%-ға дейін көтеруге мүмкіндік берді. 2021 жылы жобаның екінші кезеңінде физика, химия, биология, математика және логика кабинеттері, зертханалар жабдықталды.

Сондай-ақ, 2021 жылы Қор ауданға мемлекеттік бюджеттен шамамен 1 млрд теңге инвестиция тартуға көмектескен инфрақұрылымдық жобалар үшін құжаттаманы әзірлеуге 44 млн теңге салды.

2022 жылы Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры қызметінің негізгі басымдығы адами капиталды дамыту және аудандағы өмір сүру деңгейін арттыру болмақ — бұл Қордың барлық аудандар мен қызмет бағыттары бойынша жұмысының басым міндеті.

ААТДҚ үшін ашық болу және жергілікті тұрғындарды біріктіру маңызды, сондықтан әрбір ауданда атқарылған жұмыс қорытындылары бойынша мұндай кездесулер жыл сайын өткізіледі. Келесі кезекте Катон-Қарағай және Ұлан аудандары.

ААТДҚ қызметінің қорытындыларымен мына жерде танысуға болады.