Жаңалықтар

Бұланды ауданы Іскер адамдар клубының өкілдері Катонқарағай ауданына келді

Сапардың басты мақсаты — тәжірибе алмасу. Қонақтар Катонқарағай ауданын тұрақты дамыту статегиясын іске асыру мақсатында кәсіпкерлер, қоғам белсенділері мен биліктің бірлескен жұмысының нәтижесіне куә болды.

Бұландылық делегация аудандағы Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры жүзеге асырып жатқан жобаларға барды. Яғни Туристік ақпарат орталығына, «Ауыл мектебі powered by NIS» бағдарламасына қатысушы мектептерге, қонақтарға арналған үйлерге барып, жаңа туристік бағыттармен танысып қайтты.
Оған қоса қонақтарды аудан әкімі Ділдар Қалиқан мен Ұлттық парк басшысы Жанболат Тыныбеков қарсы алды. Кездесу барысында аудандағы жобаларды талқылап, ерекшелігі туралы пікір білдіріп, келешекке жоспарын бөлісті.

Клуб өкілдері кездесуден жігерленіп шыққанын, жұмыс нәтижелерінен шабыт алғанын жасырмады.

«Қордың Катонқарағай ауданында атқарып жатқан жобаларын өз көзіммен көргеніме қуаныштымын. Билік пен кәсіпкерлердің, қоғам белсенділерінің біріккенін көру ерекше қуантты. Бұл кездесу, тәжірибе алмасу Бұланды ауданын дамытуға оң әсерін тигізеді деген сенімдемін», — деді «ХПП Арна» жетекшісі әрі облыстық мәслихат депутаты Клара Меңдібаева.
Сапар ауданаралық серіктестікті нығайта түсіп, ауыл халқының өмір сапасын арттыруға елеулі үлес қосады деген ойдамыз.