Қор ең әуелі Шығыс Қазақстан облысы Катон-Қарағай ауданындағы Үлкен Нарын мен Катон-Қарағай ауылдарында зертхана ашу үшін грант бөлгенін атап өтті. «Қалалардан шалғай жатқан ауылдарда зертхананың болуы сол елді мекеннің әлеуметтік өмірінде маңызды рөл атқаратынына әбден көзіміз жетті. Оған қоса бұл жобаның әлі де кеңейтуге болатынын түсіндік», - деді жоба кураторы Фатима Герфанова.
Кәсіпкер Исламбек Сәрсенов 2022 жылғы желтоқсанда Түркістан облысы Сауран ауданы Шорнақ ауылында зертхана ашқан. «Өзім медицина саласында қызмет етемін, бұған дейін аудандық емханада жұмыс істедім. Өз ісімді бастау әуелден ойымда жүрген еді. Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының гранты туралы естігенде, мұның маған беріліп тұрған мүмкіндік екенін түсіндім. Кәсібім дамып, бұдан әрі де кеңейе түседі деп сенемін», - дейді кәсіпкер.
Жоба ұйымдастырушылары тұрғын саны 10 мыңға жетпейтін аудан орталықтары үшін бизнестің бұл түрі тиімсіз болғаны үлкен мәселе екенін алға тартады. Қор қызметкерлері кәсіпкерлермен тілдескенде зертхана кабинеттерінің өзін өзі ақтауы назарға алынады. Өйткені алғашқы гранттар берілгеннен кейін жарты жыл ішінде аудан орталықтарындағы кәсіпкерлер бұл мәселемен бетпе-бет келді. Енді «Олимп» КДЗ мен INVIVO компанияларымен бірігіп маркетинг бойынша қолдау мәселесі талқыланып жатыр. «Біз серіктестерімізге айналып жатқан кәсіпкерлерді жарты жолда тастамаймыз. Зертханалар ашылғаннан кейін бірқатар мәселеде жол сілтеп, көмектесеміз. Грант иегерлерімен байланыста болуға тырысамыз. Зертхана бір жыл жұмыс істегеннен кейін жауып тастаған кәсіпкерлер де бар. Бүгінгі таңда 15 зертхананың екеуі жабылды. Шалғайдағы тұрғыны аз аудандарда кәсіпкерлерді тартпай-ақ «Олимп» КДЗ мен INVIVO компаниялары болып зертханалар аша береміз деп келістік», - дейді Қор өкілі.
«Осакаровта 9 мыңға жуық тұрғын бар, ал ауданда адам саны 30 мыңға жетіп қалады. Бұған дейін де жеке зертхана кабинеті ашылған еді, алайда бір жыл бұрын жабылды. Біз 2022 жылғы қыркүйекте грант жеңіп алдық та, бірден жұмысты бастап кеттік. Біздегі үлкен мәселе, табысқа шығуды айтпағанның өзінде, кәсіптің өзін өзі ақтауы болып тұр. Келешекте тұрақты табысқа шығамыз деген сенім бар. Бізді алаңдататын тағы бір мәселе – кадр тапшылығы. Кейінгі үш айдың ішінде үш қызметкер ауысты. Зертханаға келушілердің қызметімізге көңілі толатыны қуантады: қалаға барудың қажеті жоқ, талдамалар түрі де күн санап артып келеді, нәтиже алу мерзімі де азайып жатыр», - дейді Надежда Чаус.