Жаңалықтар

«Аудандарда зертхана» жобасы Қазақстандағы 34 аудан орталығында кәсіп бастауға қолдау көрсетпек

Қазақстанда ірі қалалар мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары үшін сапалы қызметтерге қол жеткізуде үлкен алшақтық бар. Бұл олқылық мемлекеттік ауруханалардан қарағанда 800-ге жуық талдау түрін ұсына алатын жеке медициналық зертханалық қызметтерге қол жеткізу алмауда да бар. Қазақстандағы барлық ауыл тұрғындарының бестен бірі, бұл шамамен бір жарым миллион адам, мұндай қызметтерге тұрғылықты жерінде қол жеткізе алмайды.

2021 жылдың мамырында AITAS Холдингтің қолдауымен Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры (бұдан әрі – ААТДҚ), «Олимп» КДЗ және INVIVO серіктестерімен бірлесе «Ауылдық жерлердегі зертханалар» жобасын іске қосты. Жоба аудан орталықтарында биоматериалдарды қабылдау пункттерін ашуға бағытталған. 2021 жылдың ортасында ААТДҚ өткізген талдауға сәйкес, 164 ауылдық елді мекен мен шағын қалалардың 50-ден астамында барлық ауылдық округ орталықтарында жеке диагностикалық зертханалардың болмағанын көрсетті.
Қор ең әуелі Шығыс Қазақстан облысы Катон-Қарағай ауданындағы Үлкен Нарын мен Катон-Қарағай ауылдарында зертхана ашу үшін грант бөлгенін атап өтті. «Қалалардан шалғай жатқан ауылдарда зертхананың болуы сол елді мекеннің әлеуметтік өмірінде маңызды рөл атқаратынына әбден көзіміз жетті. Оған қоса бұл жобаның әлі де кеңейтуге болатынын түсіндік», - деді жоба кураторы Фатима Герфанова.
Жоба Қазақстандағы барлық аудан орталығын зертханамен қамтамасыз етуді көздейді. Ол үшін кәсіпкерлерге зертханаға қажет жиһаз бен құрылғыларды сатып алу үшін 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант беру жоспарланып отыр. Бұл ретте екі маңызды шартты ескерген жөн. Ең алдымен, кәсіпкер грант берілген күннен бастап 30 күн ішінде қаражатты пайдаланғанын растауы керек және алғашқы жылы зертхана жұмыс істеп тұруы тиіс. Егер қызметкерлер табу, пайда немесе басқа да себептермен зертхана бір жылдың ішінде жабылса, грант иегері Қорға қаражатты қайтаруға міндетті.
«Олимп» КДЗ мен INVIVO компаниялары жобаны әрі қарай кеңейту үшін серіктестікке келісті. «Олимп» КДЗ жоба аясында ауылдық аймақтарда зертханалар ашатын кәсіпкерлерден франшиза ақысын алмайтын болды, ал INVIVO компаниясында бұл төлем әуелден болмаған.

Жоба басталған бір жарым жыл ішінде Қор қолдауымен Қазақстанның 8 аймағында жалпы құны 120 млн теңгеден асатын 15 зертхана ашылды. Осылайша, 30 жұмыс орны іске қосылды.
Кәсіпкер Исламбек Сәрсенов 2022 жылғы желтоқсанда Түркістан облысы Сауран ауданы Шорнақ ауылында зертхана ашқан. «Өзім медицина саласында қызмет етемін, бұған дейін аудандық емханада жұмыс істедім. Өз ісімді бастау әуелден ойымда жүрген еді. Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының гранты туралы естігенде, мұның маған беріліп тұрған мүмкіндік екенін түсіндім. Кәсібім дамып, бұдан әрі де кеңейе түседі деп сенемін», - дейді кәсіпкер.
Жобаны ұйымдастырушылар қандай қиындықтарға тап болды?
Жоба ұйымдастырушылары тұрғын саны 10 мыңға жетпейтін аудан орталықтары үшін бизнестің бұл түрі тиімсіз болғаны үлкен мәселе екенін алға тартады. Қор қызметкерлері кәсіпкерлермен тілдескенде зертхана кабинеттерінің өзін өзі ақтауы назарға алынады. Өйткені алғашқы гранттар берілгеннен кейін жарты жыл ішінде аудан орталықтарындағы кәсіпкерлер бұл мәселемен бетпе-бет келді. Енді «Олимп» КДЗ мен INVIVO компанияларымен бірігіп маркетинг бойынша қолдау мәселесі талқыланып жатыр. «Біз серіктестерімізге айналып жатқан кәсіпкерлерді жарты жолда тастамаймыз. Зертханалар ашылғаннан кейін бірқатар мәселеде жол сілтеп, көмектесеміз. Грант иегерлерімен байланыста болуға тырысамыз. Зертхана бір жыл жұмыс істегеннен кейін жауып тастаған кәсіпкерлер де бар. Бүгінгі таңда 15 зертхананың екеуі жабылды. Шалғайдағы тұрғыны аз аудандарда кәсіпкерлерді тартпай-ақ «Олимп» КДЗ мен INVIVO компаниялары болып зертханалар аша береміз деп келістік», - дейді Қор өкілі.
Надежда Чаус – Қарағанды облысы Осакаров ауданы Осакаров ауылында зертхана ашқан кәсіпкер.
«Осакаровта 9 мыңға жуық тұрғын бар, ал ауданда адам саны 30 мыңға жетіп қалады. Бұған дейін де жеке зертхана кабинеті ашылған еді, алайда бір жыл бұрын жабылды. Біз 2022 жылғы қыркүйекте грант жеңіп алдық та, бірден жұмысты бастап кеттік. Біздегі үлкен мәселе, табысқа шығуды айтпағанның өзінде, кәсіптің өзін өзі ақтауы болып тұр. Келешекте тұрақты табысқа шығамыз деген сенім бар. Бізді алаңдататын тағы бір мәселе – кадр тапшылығы. Кейінгі үш айдың ішінде үш қызметкер ауысты. Зертханаға келушілердің қызметімізге көңілі толатыны қуантады: қалаға барудың қажеті жоқ, талдамалар түрі де күн санап артып келеді, нәтиже алу мерзімі де азайып жатыр», - дейді Надежда Чаус.
Қорды алаңдататын мәселелердің бірі – аудандық ауруханалардың басшылығының кәсіпкерлік бастаманы қолдамауы. Бұл жерде мәселе жеке мүддені алға тартуға келіп тіреледі. Грант көмегімен зертханалар ашылған көптеген ауданда аудандық әкімдіктер кәсіпкерлердің жұмысын қолдады, ең болмағанда кедергі келтірмеді. Кәсіпті жүргізу мәдениетінің төмендігі де атап айтар мәселе. Кәсіп иелері көбіне жобаның тап болар тәуекелдерін ескермейді, кіріс пен шығысты болжамайды.

Қордың грант берудегі артықшылығы – жобаны қысқа мерзімде қарастыруы. Кәсіпкер Қор зертхана ашуды қолдайтын аудан орталықтарының тізімімен https://lab-grant.kz/ сайтында таныса алады. Өтініш қалдырып кетсе, Қор қызметкерлері ниетті адаммен тез арада байланысады.

Қазір 8 аймақтағы 34 аудан орталығында зертхана жоқ. Қор бұл жерлерде 2023 жылы зертхана ашуды көздеп отыр. Негізінен Батыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарында зертхана тапшылығы жоғары.