Жаңалықтар

Алматыда Ербосын Мелдібековтің авторлық көрмесі ашылды

1 ақпан күні Офицерлер үйінде Ербосын Мелдібековтің «Боран – Байқоңыр, Жібек жолы мен Құс жолы арасында» көрмесі өтті. Мәрмәр залға жиналған көрермен автордың жазық пен кеңістік, уақыт туралы ойлануға үндейтін әртүрлі формадағы 12 туындысын тамашалады.

Ербосын Мелдібековтің көрмесі – көптен күткен мәдени оқиға. Өйткені суретшінің мүсін, инсталляция, перформанс, бейне және фотосурет жанрларындағы шығармашылық жұмыстары тек Қазақстанда емес, шет мемлекеттерде де танымал. Ол өз еңбектерінде Орта Азияның саяси процестерін ирония мен сарказм арқылы бейнелеп, тарихи құжаттар мен қаһармандарға, мүсін, пейзаждарға әзіл мен абсурд элементтері тұрғысынан қайта баға беруге шақырады.
Бұл көрмеде сіз уақыт, кеңістік, оқиғалар, батырлар мен анти-қаһармандар туралы қарама-қайшы түсініктермен бетпе-бет келесіз. Сол үшін де мұнда келген көрермен өз сезімдерінің арасындағы арпалысты сезінуі мүмкін. Бірақ менің ойымша, суретшінің міндеті – кейде айтқың да, тіпті ойлағың да келмейтін мәселелерді өнер арқылы ашып көрсету. Ербосын Мелдібековтің көркемдік зерттеулерінің басты бағыты – Орталық Азияның антропологиясы мен топографиясы, сондай-ақ отарлық, тоталитарлық жүйеден кейінгі ахуалды эстетикалық және тарихи тұрғыдан қайта қарау. Суретшінің шығармалары концептуалды түрде бай, көрнекі әрі мәнерлі, ойлы, әсерлі, иронияға және көркем драмалық иірімдерге толы», – дейді көрме кураторы Дастан Қожахметов.
Көрмеге қойылған12 туындының барлығы – автордың бірнеше жыл бұрын ойға алған идеясының жүзеге асқан көрінісі. Оның айтуынша, Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшып, ғарышта жоғалып кеткен «Боран» ғарыш кемесі осы оқиғаның визуалды бейнесін жасауға түрткі болған. Қола мен ағаш қондырғылардан құрастырылған «Боран – Байқоңыр, Жібек жолы мен Құс жолы арасында» көрмесінен суретшінің жеке ойы мен көзқарасын байқауға болады.
«Мен Ербосын Мелдібековпен бірнеше жылдан бері таныспын және оның шығармашылығын бақылап келемін. Бұл көрме Орталық Азия деп атап жүрген ертеңгі күніміз туралы терең ойлауға мүмкіндік береді. Міне, біз бір жүйенің ішінде жүріп, байқай бермейтін психикалық проблемаларымыздың салдарын көрдік. Мен барлықтарыңызды көрмені келіп тамашалауға шақырамын. Алдағы жоспарымызда мәдениет саласындағы жобалар да бар. Осы көрмеден бөлек, біз Катонқарағайда Халықаралық лэнд-арт шеберлері мен отандық суретшілеріміз қатысатын лэнд-арт жобасын дайындап жатырмыз», – деді AITAS холдингінің негізін қалаушы меценат Серік Толықпаев.
Мелдібеков кәсіби мүсінші болғандықтан, өз шығармаларында оқиғалар мен фактілерді жай пайымдап қана қоймай, классикалық мүсінге суретшіге тән ирониялық деконструктивтік тұрғыдан қайта қарап, ой елегінен таразылап өткізеді. Классикалық мүсінге берілген “жасырын” бағаны суретшінің бейнежұмыстарынан да байқауға болады. Мысалы оның «тақиялы адам» композициясы кеудеге дейінгі автопортрет сияқты салынғанымен, шын мәнінде ол – мүсін бюсттердің “жанданған” сериясы.

«Мен Шыңғыс хан болғым келеді» GIF анимациялық сериясынан да дәл сол бюст көлеміндегі автопортреттерді, яғни классикалық мүсінмен байланысты аңғаруға болады. Автор ортағасырлық жаулап алушының мүсінін үнемі айналып отыратындай етіп жасап, шынайы бейнемен шебер сәйкестендірген. Бұл тәсіл көрерменге тарихи бейнені әртүрлі қалыптан қарап, толықтай қабылдауға мүмкіндік береді.

Ағаш бюст ретінде салынған «Менің табынушыларымның автопортреттері» сериясында Мелдібеков өзін Қазақ КСР-інің идеологиялық қаһармандарының формасында бейнелеген. Суретшінің бұл туындыны жасауына ескі кездегі естеліктері түрткі болған екен. Балалық және жастық шағында автор Батыр Бала Болатбек пен Ғани Мұратбаев, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов және Сәбит Мұқанов сияқты болуды армандапты. Оның бұл армандары жас ерекшеліктеріне қарай қойылған сегіз бюстте былай бейнелеген: кішісі Батыр Бала Болатбек пен Ғани Мұратбаевтан басталып, үлкені қартайып өмірден өткен қазақ зиялыларының өкілдері – Жамбыл Жабаев пен Сәбит Мұқановпен аяқталған. Бюсттердің материалы – Оңтүстік Қазақстанда өсетін қарағаш.

Сонымен қатар, көрмеде Мелдібековтің «Назарбаевтың құлдырауы» атты инсталляциясы таныстырылды. БАҚ пен әлеуметтік желілер парақшаларында жария болған бұл мүсіндер сериясы үлкен қоғамдық талқылауларға себеп болды. Айта кетсек, 2022 жылдың қаңтарында Қазақстанда билікке қарсы жаппай наразылықтар кезінде экс-президенттің ескерткіштері қиратылған еді. Ал автор бұл инсталляцияны сонау 2021 жылы жасаған екен. Сол себепті ол өз шығармасын «көріпкелділік» деп есептейді.

«Боран-Байқоңыр» шығармалар топтамасында суретші кейбір дүниелерге тартылыс күші ықпал етпейтіндей, бейне бір олар Байқоңыр айлағынан ұшып шыққан «Боран» ғарыш кемесінен зақым алып, әуеде қалқып жүргендей көрсетеді. Сонымен қатар ол Орта Азия елдерін де дәл солай аспанда қалықтап тұрғандай ғып суреттейді. Мутацияға ұшыраған модернистік және авангардтық идеялардың деконструкцияланған бөлшектері ғарышта, Жібек жолы мен Құс жолы арасындағы бір жерде шашырап жатқан америкалық «Спейс Шатл» ғарыш кемесінің көшірмесі тәрізді кеңестік «Боран» бейнесінде Мелдібековтің ғарыштық археологиясының зерттеу нысанына айналған.
«Көптеген адамдар бұны хайп деп қабылдайды, бірақ олай емес, бұл – тек өнер. Мүсіннің құлауына бірнеше секунд қана кетеді. Ал мен сол секундық құлдыраудың өзінен тұтас әлемнің бейнесін жасаймын. Әрбір жеке мүсін құлаған кезде уақыт та сол аралыққа дейін созылады», – деп өз ойымен бөлісті Ербосын Мелдібеков.
Серік Толықпаев пен Aitas Foundation корпоративтік қорының және «Целинный» заманауи мәдениет орталығының қолдауымен өтіп жатқан көрмені 1 ақпан – 1 наурыз аралығында Офицерлер үйінде сағат 10.00-18.00-ге дейін тамашалауға болады. Одан бөлек көрме аясында экскурсиялар сериясы, сондай-ақ 11 ақпанда сағат 16.00-де автор-talks жоспарланған.