Жаңалықтар

Еділ Құсайынов Алматыда жаңа альбомын таныстырады

Қазақтың көне музыкалық аспаптарын меңгерген белгілі сазгер, фольклор зерттеушісі және қорымыздың досы Еділ Құсайынов өзінің жаңа BUL BUL Zaman альбомын таныстырады. 4 сәуір күні сағат 19:00-де Алматыдағы Гоголь 58 көшесінде (MARWIN/"Меломан" GRAND) этномузыканттың жаңа туындыларын ғана емес, Steppe sons тобы мен Mirha Katoya сияқты өнерпаздардың да концертін тамашалауға болады. Кеш соңында қолтаңба сессиясы өтеді.

Еділ Құсайынов – төменгі және жоғары дыбыста көмеймен шырқай алатын орындаушы.

Сондай-ақ ол жетіген, сыбызғы, сазсырнай, қамыс сырнай, қауырсын сырнай, шаңқобыз сияқты көне қазақ музыкалық аспаптарында ойнайды. Еуропа мен Азиядағы көптеген халықаралық фестивальге қатысқан сазгердің концерттері Карнеги холл (Нью-Йорк), Кеннеди орталығы (Вашингтон), ЮНЕСКО залы (Париж), Альберт холл (Лондон) сияқты әйгілі залдарда өтіп жүр. Еділ Құсайыновтың шығармашылығы – этникалық және заманауи музыка мотивтерінің үздік үлгісі.