Білім беру

Қазақстанда ауыл мектептері қалай өзгеріп жатыр?

Сарапшылар мен қоғам өкілдері өз кейстерімен бөлісті

EdCrunch халықаралық конференциясында ауылдағы білім беру мәселелеріне арналған сессия өтті. Сессияда Шығыс Қазақстан облысы Құлынжон ауыл мектебінің директоры Аралбек Берікұлы, Алматы облысы, Алмалыбақ ауылы мектеп-гимназиясының директоры Сәуле Махамбетова, Абай облысы, Аягөз қаласы мектеп-гимназиясының директоры Айнұр Қанапиянова мен Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев сөз сөйледі. Спикерлер ауыл педагогтарының кәсіби деңгейін көтеру, мектептердегі оқу сапасын арттыру мен сол салаға өзгеріс әкеліп жатқан новаторлар мәселесін шешуге қатысты өз пікірлерімен бөлісті.

Сәуле Махамбетованың айтуынша, мұғалім мен мектеп әкімшілігінің басты міндеті – мектепте жайлы атмосфера орнату.
«Оқушының барлық әлеуеті жайлы, жақсы ортада ғана ашылады. Бала мектепте жүргенде өзінің қауіпсіз жерде екенін, оны бәрі әрқашан қолдайтынын сезінуі керек», – дейді Алмалыбақ ауылының мектеп директоры.
Сондай-ақ спикер өзінің қызмет бабында кездескен ауыр мінезді ата-аналар, тәртібі қиын балалар мен шәкірттеріне жаңа білім дағдыларын үйреткісі келмейтін мұғалімдер мәселесін қалай шешкенін айтып берді.
«Сол уақытта мен мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналарды бір мәмілеге келтіру қиын екенін түсініп, басқаша жұмыс істеуге кірістім. Ең бірінші мектепте келісім қауымдастығын құрып, оған ата-аналарды тарттық. Олар оқушыларға тәлімгер болды. Сондай-ақ мұғалімдер де оқу барысында ғана емес, одан тыс уақытта да тәлімгерлік жасады. Қазір біздегі ата-аналар қауымы балаларды тәрбиелеу мен дамытуда мұғалімдердің көмекшісі қызметін атқарып отыр», – дейді Сәуле Махамбетова.
Аягөз қаласындағы мектеп-гимназия директоры Айнұр Қанапиянова мектептің ұлтжанды ұрпақ қалыптастыру жолында үлкен рөл атқаратынын айтады. «Біз балаларға патриоттық тәрбие беруді де ұмытпауымыз керек. Ұлттық салт-дәстүр, ана тілі мен тарихты білу әрқашанда тәрбиенің түп негізі болып қала бермек», – дейді ол.

Айта кетсек, Аягөз қаласындағы мектеп-гимназия екі жыл бұрын Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры, Назарбаев Зияткерлік мектептері және «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасына қатысқан еді. Жобаға ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен AITAS холдингі қолдау көрсетіп отыр.
«Соңғы екі жылда мектебіміз жан-жақты дамып келеді. Осы тұста Назарбаев Зияткерлік мектептері өткізген оқыту курстарының маңызды рөл атқарғанын айта кеткен жөн. Балалардың ата-анасы оларды ауыл мектебінде оқып-ақ өмірлік мақсат-мұратын айқындап, болашаққа жоспар құра алады деп ешқашан ойламаған шығар. Қазір мұғалімнің деңгейі де тұрғындардың көз алдында айтарлықтай өсті», – дейді Айнұр Қанапиянов.
Аралбек Берікұлы бірнеше жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысындағы Құлынжон ауылына қоныс аударып, шағын жинақты мектептің директоры болған. Спикер өз сөзінде жұмыс барысында басшылыққа алатын ұстанымдарымен бөлісті.
«Қала мен ауылдағы білімнің айырмашылығы өте үлкен. Әңгіме ұстаздардың білімінде ғана емес, олардың адамдық қасиетінде. Ауылдағы ұстаздар қашанда құрметке ие. Өкінішке орай, кейде мұғалімдердің мектепте ешқандай мақсатсыз жиналатын кездері болады. Біз жұмыстан тыс барлық жиындарды азайтқаннан кейін олар сабаққа ертерек келе бастады. Сондай-ақ, сауалнама барысында бірде-бір әдеби шығарма оқымаған мұғалімдердің де бар екенін аңғардық. Алда осы мәселемен жұмыс істеп, ұстаздардың бойына оқу мәдениетін сіңіруіміз керек», – дейді Аралбек Берікұлы.
Спикер балалардың рухани дамуына ықпал ететін маңызды құндылықтар мектепте қалыптасатынын атап өтті.
«Мен оқушыларға эмоционалды тұрғыдан жағымды күй сыйлайтын орта жасағым келеді. Сол кезде олар өз қабілеттері мен болашағына сеніммен қарап, ары қарайғы даму жолын болжай алады», – дейді Құлынжон мектебінің директоры.
Сессия барысында Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев қор мен серіктестердің шағын жинақты мектептердегі кадр тапшылығын қалай шешіп жатқанын айтып берді.
Серіктестеріміз – Зияткерлік мектептер тірек мектептермен тәжірибесімен бөліседі. Бұл тірек мектептер кемі 80 оқушысы бар шағын магниттік мектептерге қолдау білдіреді. Магнитті мектептер төрт форматта оқытылады: бірінші үлгіде барлық оқушы онлайн форматта теориялық білім алады. Екінші үлгіде тірек мектеп мұғалімі магниттік мектепте сабақ береді. Ал үшінші нұсқада тірек мектеп мұғаліміне магнит мектебі ұстаздары оқыту процесіне көмектеседі. Ал төртінші үлгі сапалы интернетке қол жеткізе алмайтын мектептерде қолданылады. Ол кезде мұғалім панельдерге жүктелген бейнесабақтар бойынша жұмыс істейді», – деді Данияр Тоқтарбаев.
Сесия соңында спикерлер сарапшылар мен ұстаздардың сұрақтарына жауап берді. EdCrunch конференциясы 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Оның мақсаты – білім беру саласында жаңа технологиялар мен цифрлық құралдарды пайдалану мүмкіндіктерін көрсету.

Биылғы конференцияның бас демеушісі AITAS холдингі, ал бас серіктесі Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры болып отыр.