Білім беру

Халықаралық Roboland фестивалінде ауылдық тірек мектеп оқушылары жүлделі орындарды еншіледі

Қарағандыда VIII халықаралық Roboland фестивалі өтті. Фестиваль Қарағанды ​облысының білім басқармасы, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және Kazdidac қауымдастығы, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Бас демеушісі – еліміздегі ең ірі AITAS агрохолдингі.
Фестиваль биыл серіктестер мен демеушілердің қолдауымен айтарлықтай ауқым алды. Қарағандыға Қазақстан командалардан бөлек, Португалия, Өзбекстан, Грузия, Қырғызстан және басқа да елдерден 900-ден астам қатысушы келді.
«Біздің жобаларымыз аймақтардағы білім сапасын арттыруға және қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған. Қазір серіктестермен бірлесіп, ел бойынша 86-дан астам мектепті қамтитын тірек мектептер желісін құрудамыз. Біздің әрбір мектебімізде робототехника кабинеттері бар. Сол ауылдық тірек мектептердің атынан бүгін 30-дан астам команда келіп отыр. Біз олардың фестивальде жақсы нәтиже көрсетуі үшін барлық жағдайды жасауға тырыстық», – дейді Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.
Фестивальдің 16 бағыты мен жас санаттары бойынша қатысқан ауыл мектебінің командалары жоғары орындардан көрінді. Атап айтсақ, Бейнеу ауылының 8-9 сынып оқушылары «Кегельринг-квадро» бағытында бақ сынап, үшінші орынды иеленді. Онда қатысушылар құрастырған роботтар кегельді шектеулі сызықтан асыру керек болатын.
«Біз робототехниканы мектепте сәуір айынан бері жүргізіп келеміз. Фестивальге қатысу шарттарымен танысқаннан кейін бірден дайындыққа кірісіп кеттік. Мұндай байқауға бірінші рет қатысып отырсақ та, өз біліміміз бен шеберлігімізді өте жоғары деңгейде көрсеттік деп ойлаймын», – дейді Күйкен мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Елдар Таңхаев.
Байқаудың тағы бір жеңімпазы – Алғын ауданы, Бестамақ ауылынан келген Ерсұлтан Жалғасбай. Ол ұсынған жұмыс – робот-инкубатор. Жас өнертапқыштың жетекшісі Жансая Қуатбай бұл идея алғаш рет мамыр айында пайда болғанын айтады.
«Ерсұлтан үшінші сыныпта оқитындықтан, біз фестивальге 6-9 жас санаты бойынша қатыстық. Ол көктемде менің робототехника клубыма келгенде робот-инкубатор жасау идеясын ұсынды. Солайша, біз роботтың макетін Lego Spіkу құрастырғыштары арқылы жасап шықтық. Қазылар алқасы шәкіртіміздің жұмысын жоғары бағалап, жүлделі екінші орынды еншіледік», – дейді Жансая Қуатбай.
Тағы бір жүлде Қарағанды облысы, Ақтоғай ауылының командасына бұйырды. Олар «Робогеометрия» бағыты бойынша бәсекеге түсіп, робототехникадан әлем чемпионатына қатысқан Өзбекстан командасына есе жіберді.

Байқау жеңімпаздарына ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың атынан алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Жеңімпаздардың толық тізімімен сайттан танысуға болады.