Жаңалықтар

Серік Жүнісов ауылдарда мәдениетті қалай дамыту керек екенін айтты

Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының басшысы Серік Жүнісов Qazaqstan ұлттық арнасы ұсынатын «Ашық алаң» бағдарламасына қатысып, қазіргі ауылдар жағдайы туралы ойын айтты.
Оның пікірінше, ауыл мәдениетінің өзі ауыл халқының талабына сай емес.
«Ауыл жастары ауылдағы мәдениет үйіне барғысы келмейді. Өйткені онда жастарға керек контент жоқ. Мәселен, қазіргі жастар Tiktok-ке видео түсіргісі келеді, ал ондай мүмкіндік мәдениет үйлерінде жоқ. Инфрақұрылым мәселесі де өзекті. Барлық мәдениет үйіне жылу берілмеген, әжетхана болмайтындары да бар. Кейбірі тіпті жабық тұрады», - деді ол.
Сонымен қатар Серік Жүнісов мәдениет үйлерін жөндеп қойып, контентті жаңартпаса, ештеңе өзгермейтінін алға тартты.
«Ескіні жаңартудан пайда болмайды. Заман талабы өзгерді, мәдениетке қойылатын талап та, мәдениеттің өзі де өзгерді. Мысалы, ауылдағы кітапханаларды жаңартсақ, одан заман талабына сай коуоркиң орталығы шығуы керек. Мәдениет үйін өзгертсек, ол ауылдың креатив ортасына айналуы тиіс. Ауылдың кез келген тұрғыны өзінің креатив ойын іске асыратын хаб болуы керек. Сондықтан ауылдағы нысандармен қатар контентті де жаңарты керек деп ойлаймын», - деп түйіндеді қор басшысы.