Жаңалықтар

Қатонқарағайда Оралхан Бөкейдің мұражай-үйі ашылды

Биыл көрнекті жазушы, драматург, журналист Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толды. Мерейтойды атап өту шаралары қаламгердің туған жерінен бастау алды.
Атаулы шараның бастамасын Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры көтерсе, ал оның өтуіне Қатонқарағай ауданының кәсіпкерлері қолдау көрсетті. Мерейтой аясындағы басты іс-шара – жазушының туған жері Шыңғыстай ауылында Оралхан Бөкей мұражай-үйінің ашылуы. Қаламгердің өзі тұрған үй Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының құрылтайшысы Серік Толықпаевтың демеушілігімен 10 млн теңгеге сатып алынып, сонда музей жасақталды. Қор өкілдері мұражайдың ел арасында драматург шығармашылығын насихаттап қана қоймай, жалпы өңірдің туристік әлеуетін арттыруға үлес қосатынына сенімді.
«Бүгін – Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойының алғашқы күні. Қазір қаламгер атындағы мұражай-үйдің салтанатты ашылуы болады. Биыл жергілікті кәсіпкерлер қорымызға 54 млн теңге көлемінде қаражат жинап, жазушының балалығы өткен туған үйін сатып алып, мұражайға айналдырды. Енді ол мемлекет қарауына берілді. Одан кейін этно ауылда аламан бәйге өтеді. Жалпы, Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы республикалық және халықаралық деңгейде тойланбақ.15 қыркүйек күні Астанада жазушы шығармашылығына арналған дөңгелек үстел өткізіп, «Әзірет Сұлтан» мешітінде құран бағыштап, ас беру жоспарланып отыр. Содан соң қаламгердің «Қар қызы» пьесасы сахналанады. Ал Алматыда Жазушылар одағы халықаралық конференция ұйымдастырып, ақындар айтысы өтеді. Катонқарағай дегенде есімізге бірден Оралхан Бөкей оралады. Оралхан – осы жердің көркемдігін, тұмса табиғатын талайға сөзбен суреттеп берген қаламгер. Сондықтан оның мерейтойын абыроймен өткізу – біз үшін аманат», деді Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының басшысы Серік Жүнісов.
Шарада ақындар, жазушының жақындары мен жерлестері жиналып, талантты қаламгердің бюсті мен Оралхан Бөкей атындағы алаңның ашылуына куә болды. Сондай-ақ, Шыңғыстай ауылында «Төр Алтай бояулары» атты республикалық пленэр-көрме ұйымдастырылды. Суретшілер 50-ден астам этюд салып, орындалған жұмыстарын О. Бөкей мұражайына сыйға тартты.
Қатонқарағай ауданының құрметті азаматы, Жазушылар және журналисттер одақтарының мүшесі Жәнібек Қызыров қаламгер шығармашылығын дәріптеп, есімін еске алуға арналған жиын жас ұрпақтың тәрбиесі үшін маңызды екендігін айтты.
«Оралхан Бөкей — қазақ жұртшылығының мақтанышы. Қысқа ғана ғұмырында талантымен, еңбегімен үлкен жетістіктерге жетті. Қаламдас досы Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтсақ: «Орекең — талантымен елін де, жерін де, өзін де әлемге танытып, биіктен көрінген тұлға». Оралхан — Қатонқарағайдың мақтанышы. Алақандай ғана Қатонқарағайдан Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Әлібек Асқаров, Дидахмет Әшімхан сынды көп мықты қаламгер шықты. Ал Оралхандай талантты жазушыны еске алуға арналған шара катонқарағайлықтардың рухын көтерері сөзсіз. Талантты ұлдарымызбен мақтанамыз деп айтып қана қоймай, мұндай жиындарды жиі өткізу керек. Өйткені жас ұрпаққа үлгі етіп, еске салып тұрған абзал. Той тойға ұлассын!», деді Жәнібек Қабдуәлиұлы.
Жиынға Оралхан Бөкейдің жиені Клара Нұржақыпқызы қатысып, келген қонақтарды қаламгердің мерейтойымен құттықтады. Құттықтау сөзінен кейін ол жаңадан ашылып жатқан Оралхан Бөкейдің мұражай-үйіне Иранда арнайы тоқылған, қаламгердің портреті бейнеленген кілем сыйлады. Сонымен қатар Оралханның жеке шапаны мен 1964 жылы түскен суретін табыстады.
Жазушының атына құран бағышталып, ас берілді, ал ауданның құрметті қонақтарына «Оралхан Бөкейге 80 жыл» атты төсбелгілер табысталды.
Шара қарсаңында «Шолпандай таң алдына туып – батты» атты жаңа кітап жарық көрді. Кітаптың тұсаукесеріне қатысқан көпшілік аудан ипподромында еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік шабандоздардың додасын тамашалады. Мерейтой кеші жергілікті жұлдыздардың қатысуымен өткен үлкен гала концертпен қорытындыланды.