Білім беру

MIT, Робототехника фестивалі және ғылыми конференциялар: FURO тірек мектеп жобаларын таныстырды

Астанада Назарбаев Зияткерлік мектептерінің дәстүрлі халықаралық конференциясы басталды. Ол «Қазақстан халқына» қоры мен Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Биылғы конференция ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыруға қатысты мәселелерді талқылауға және шешуге бағытталды.

Еске салсақ, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ, «Қазақстан халқына» қоры және Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры (FURO) 2022 жылдан бастап «Ауылдағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасын жүзеге асырып келеді.

330-дан астам ауыл мұғалімі қатысып жатқан жобада шетелдік және отандық сарапшылар білім саласындағы зерттеулері мен баяндамаларын таныстырды. Конференцияның пленарлық отырысында Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев тірек мектептердің экожүйесі туралы айтып берді.
«Біз 2019 жылдан бастап НЗМ-мен серіктес ретінде белсенді жұмыс жасап келеміз. Ал былтырдан бастап «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен білім саласындағы жобаларымыз республика көлемінде ауқым ала бастады. 2024 жылға қарай біз ел білімінің локомотивіне айналатын 200 тірек мектептің құрылысын аяқтаймыз», – дейді Данияр Тоқтарбаев.
FURO білім саласындағы тиімді тәжірибелерді зерттеп, олардың жүзеге асуына жан-жақты жағдай жасайды. Биыл қор Roboland робототехника фестивалінің өтуіне және Ақтөбе мен Қарағандыдағы ауыл мектептерінің STEP IT Академиясына тегін қатысуына қолдау көрсетті. Сондай-ақ қор халықаралық жобаларды да белсенді түрде жүзеге асырады. Мәселен, биыл Катонқарағай ауданының оқушылары халықаралық бағдарламалау мектебінің курсынан өтті.
«Ресейде алыс шалғайдағы мектеп оқушыларына қолдау көрсетіп, түрлі танымдық іс-шаралар өткізетін «Кружок» жобасы ұзақ уақыт бойы жұмыс істеп, өткен жылы ғана жабылды. Сол кезде еріктілер «Кружок.Dev» деген бағытты жалғастырып, нәтижесінде Германия мен Нидерландыдан келген frontend-әзірлеушілер мен backend-мамандар қазанда бір апта бойы ауыл оқушыларына Web-қосымшаларын жасауды үйретті», – деді Данияр Тоқтарбаев.
Сондай-ақ ол қаңтар айында Массачусетс технологиялық университетінің (MIT) студенттері Катонқарағай оқушыларына сабақ беретінін айтты. Қор директорының сөзінше, бұл жобаға Қазақстанның ауыл мектебі алғаш рет қатыспақ.
«MIT жыл сайын өз студенттерін Global Teaching Labs бағдарламасымен әлемнің түкпір-түкпіріндегі елдерге жібереді. Ол студенттерді бұған дейін Қазақстанның 4 мектебі ғана қабылдаған, олардың барлығы жекеменшік элиталық мектептер еді. Осы жылы біз Катонқарағайдағы Сейітқамза Ластаев атындағы мектеппен бірге өтініш беріп, қаңтар айында MIT студенттері ауыл мектебіне келіп, сабақ беретін болып келісті», – деді ФУРО басшысы.
Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры қолдау көрсетіп, жүзеге асырып жатқан барлық жоба ауыл мектептерінің білім деңгейін арттыруға бағытталған. Қор білім саласындағы озық тәжірибелерді таңдау арқылы ауылдық тірек мектептерді бір жүйеге біріктіруді жоспарлап отыр.