Жаңалықтар

Білім беру арқылы ауылдардың тұрақты дамуы

17 мамырда Астанада «Қазақстан халқына» қоры ұйымдастырған «Білімді ұрпақ – білімді ел» білім беру конференциясы өтті.

«Қазақстан халқына» қорының білім беру саласындағы қолдаған бастамаларының бірі «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы болды.

«Ауылдардағы балалардың қалалық мектептердегі балаларға қарағанда мүмкіндіктері аз, бұлай болмауы керек. Біздің Қор БТДҚ және НЗМ-мен бірлесіп, еліміздің 17 өңірінде 17 тірек мектепті дамыту жөніндегі жобаны іске асырып жатыр. Шын мәнінде біз осы мектептердің материалдық-техникалық базасын жасақтадық, барлық кабинеттерді толығымен жабдықтадық. Егер біз тірек мектептердің ауылдағы білім беру құзыретінің орталығына айналуын қаласақ, онда педагогтарды даярлап, барлық қажетті кабинеттерді жабдықтап, оқуға ыңғайлы болу үшін тиісті ортаны құруымыз қажет. Біз жобаның ауқымын кеңейтуге кірістік», – деді «Қазақстан халқына» қорының басшысы Болат Жәмішев.

«Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы 2022 жылы басталды. Ол ауылдық және қалалық мектептердің арасындағы білім беру алшақтығын қысқартуды мақсат етеді. Жобаның операторы – білім беруді тұрақты дамыту қоры (БТДҚ), демеушілері «Қазақстан халқына» қоры және AITAS холдингі. Жобаның бас серіктесі – академиялық бөлікті өзіне жүктеген «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ.

«2019 жылы біз бес ауылдық мектепте білім беруді дамыту жобасын қолға алдық. Бұл біз еліміздің тұрақты дамуы үшін Қазақстан халқына қызмет етудегі жұмысымыздың негізіне қалаған біздің мақсатымызбен үндес. Білім беруді дамыту бойынша жобамызды «Қазақстан халқына» қоры қолдады. «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» – бұл қоғам, билік және бизнестің табысты және тиімді ынтымақтастығының таптырмас үлгісі», – деді AITAS Foundation басшысы Ксения Верба.

2022 жылы аталған жобаны іске асыру үшін «Қазақстан халқына» қоры 4,25 млрд теңге бөлді, олар тек мектептерді жарақтандыруға жұмсалды. Бірінші кезеңге Қазақстан облыстарының 17 ауданынан 17 мектептен – 602 кабинет қатысты. Әр мектепке жарақтандыру үшін орта есеппен 250 млн теңге бөлінді.

Жалпы жобада алдағы жылдары 191 ауылдық мектепті қамту жоспарланып отыр.