Жаңалықтар

Бұландыда инфрақұрылымдық даму мәселесі талқыланды

Бұландыда аудандық тұрақты дамыту қоры мен аудандық мәслихат депутаттары аймақтың инфрақұрылымдық дамуы тақырыбында жиын өткізді.
Макинскіде өткен жиынға қордың шақыруымен Q88 Қазақстан урбанистер қауымдастығының өкілдері келіп қатысты. Қауымдастық «Қалаларды түрлендіру мен аумақтарды кешенді дамыту» бағдарламасын, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларындағы өлім-жітімді азайтуға бағытталған Vision zero бағдарламасын жергілікті атқарушы органдарға ұсынды.

«Қала тұрғындарының игілігі үшін бізбен белсенді түрде жұмыс істеген қорға алғысымызды айтамыз. Тұрғындардың С.Сейфуллин көшесінің бойындағы жолдардың сапасына қатысты бірнеше рет шағымданғаны бәріңізге белгілі. Бір ай бұрын ғана біз қорға хабарласқан кезімізде қор ұжымы тез арада жобалау-сметалық құжаттамасын дайындап берді. Кеше ғана облыстық мәслихатта 147 миллион теңгенің жобасын қорғап, келер жылы осы 2,5 шақырымдағы жұмыстарды толығымен аяқтамақпыз», – деді аудан әкімінің орынбасары Ардақ Смайылов.
Соңғы 5 жылдың өзінде Бұланды ауданының тұрақты дамыту қоры AITAS холдингінің қолдауымен ауданның дамуына 475 миллион теңгеден астам қаржы құйған. Себебі қор инфрақұрылымды дамыту жобаларын бірлесе жұмыс жасаудың маңызды бағыты ретінде санайды.