Бизнес, мектеп және әкімдіктің бірлескен жұмысы жемісті нәтиже берді
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Марқакөл ауылдық мектебінде «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы таныстырылды. Жоба білім беру сапасын арттыруға, ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибелер мен тиімді әдістемелерді трансферттеуге және тірек мектептердің қажетті материалдық-техникалық базасымен қамтамасыз етуге бағытталған.
Мектеп директоры Жарқын Үркімбаевтың сөзінше, бұл соңғы 15 жылдағы мектептің жаңартылуы: «Бүгін бизнес, мектеп және әкімдіктің бірлескен жұмысының арқасында осындай жемісті нәтижені көріп отырмыз».
Білім беруді тұрақты дамыту қорының және жоба серіктесі «Назарбаев Зияткерлік мектебі» мамандарының күшімен мектептегі білім беру ортасы мен оқыту сапасын талдау бойынша жұмыстар жүргізілді. Талдау нәтижелері негізінде мектепті дамыту, білім беру сапасын арттыру бойынша ұсыныстар жасалып, ұстаздарға қажетті біліктілік арттыру курстары белгіленді.
Педагогикалық құрамға арналған қарқынды оқыту бағдарламасы 2023 жылдың ақпанына дейін өткізіледі. Алайда бағдарлама аяқталғаннан кейін де мектеп 2025 жылға дейін үш жылдық әдіснамалық сүйемелдеуге көшеді.
«Мектептің тіпті атмосферасы өзгерген. Жоба басында мұғалімдердің көбінде сенімсіздік болды. Содан Назарбаев мектептеріне оқуға барды, білімін жетілдірді. Келуіне қарсы мектепте қажетті барлық жаңа құрал-жабдықтар дайын, оларды күтіп тұрды. Енді мұғалімдеріміз әр сабағын оқушыны қызықтырып, ерекше өткізгісі келеді», – дейді Марқакөл мектебінің директоры Жарқын Үркімбаев.
Жоба аясында 26 оқу кабинеттері, STEM лаборатория, телестудия, спорт және акт залдары жасақталған. Қаржыландыру «Қазақстан Халқына» қоры тарапынан жүргізіліп, оған 250 млн теңге бөлінді. Beeline Kazakhstan компаниясы жоба доноры ретінде танылады.
«Марқакөл мектебі – біздің тізімдегі бесінші мектебіміз. Beeline қаражатына «Қазақстан Халқына» қоры арқылы елдің әр түрлі өңірлеріндегі сегіз мектеп жабдықтармен жасақталады және заманауи сыныптармен жаңарады. 2020 жылдан бастап, серіктестермен бірлесіп, біз «250+» жобасын іске асырудамыз. Оның арқасында Beeline мобильді интернеті мен байланысы 1500 астам ауылда қосылды. Енді осы ауылдардың тұрғындары қала тұрғындарымен тең қолжетімді интернетті қолдану мүмкіндігіне ие. Тірек мектептерін дамыту жобасы ауылдық балаларға сапалы бәсекелес білім алуын қамтамасыз ете отырып, тең мүмкіндіктерді құруға ықпал етеді. Сондықтан Beeline Қазақстан осы бастаманы қуана қолдайды», – деп атап өтті Beeline Қазақстан компаниясының Бас атқарушы директоры Евгений Настрадин.
«Біздің қор тірек мектептерді дамытумен айналысады. Жоба қазір Қазақстанның 17 облысын қамтиды, онда 13 000-ға жуық бала оқып, 2 000-ға жуық мұғалім жұмыс істейді. Сонымен қатар, оқыту бағдарламасы жоба серіктесі НЗМ көмегімен тегін өткізілуде. Барлық операциялық және әкімшілік шығындарды AITAS холдингінің демеушілік қаражатымен АТДҚ жүргізуде», – дейді Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.
Ең бастысы, мектептегі жаңашылдықты оқушылардың бағалауы болды. «Бізге STEM лаборатория мен телестудияны орнатқан кезде өз көзімізге өзіміз сенбейтіндей болды. Шын мәнінде қамқорлықты сезіндік. Бізге осындай мүмкіндік бергеннің өзі қандай керемет! Осы күні қала мектептерінің көбінде мұндай жоқ, ал енді біздің Марқакөлде бар», – дейді оныншы сынып оқушылары Қабдуали Аружан мен Саматова Еңлік.
Атап өту керек, шара «Ашық есік күндері» форматында өтті. Оған ауылдың белсенді азаматтары, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жоба демеушілері мен серіктестері қатысты.
Келген қонақтарға өңделген білім беру бағдарламасының қорытындылары таныстырылып, жаңа кабинеттер көрсетілді. Мектепте барлығы 420 оқиды, оларға 59 мұғалім сабақ береді.