Жаңалықтар

Италия жастарды ауылда ұстап қалудың жолын тапты

Жылдар бойы Италияның шалғай аймақтары жастарынан айырылып келді: соңғы жетпіс жылда алыс ауылдардың халқы шамамен төрттен біріне азайды. Бұған жауап ретінде бірқатар шаралар қабылданды: стартаптарға гранттар, жас фермерлерге «ұзақ» несие және миллиардтаған еуро көлеміндегі қаржы құйылған borghi бағдарламасы. 37% халқы ауылда тұратын Қазақстан үшін бұл тәжірибе маңызды үлгі бола алады.

Тарихтан статистикаға

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Италияның провинциялары тез арада халықсыздана бастады. Жастар aree interne – шалғай ауылдық аймақтарды – тастап, ірі экономикалық орталықтарға қоныс аударды [1]. Нәтижесінде бүгінде италиялықтардың жартысынан көбі ірі қалаларда тұрады [2], ал көптеген таулы және ауылдық коммуналар қартайған тұрғындар басым «елестер ауылына» айналды. 70 жылдың ішінде (1951–2019) шалғай қоныстар халқы 26%-ға кемісе, ірі қалалар керісінше 30–50%-ға өсті [3]. Тіпті соңғы онжылдықта да, елдегі жалпы демографиялық тұрақтылыққа қарамастан, ең шеткері өңірлер тұрғындарын жоғалтуын жалғастырды [4].
Бірақ негізгі соққы Оңтүстікке тиді. Mezzogiorno-да еңбек нарығы әлсіз болғандықтан, жастар көшіп кетуде: соңғы жылдары ішкі аудандардан шамамен 330 мың маман қоныс аударса, тек 198 мыңы ғана қайта оралған. Туу деңгейінің төмендеуі бұл құлдырауды және адами капиталдың жоғалуын тереңдете түсуде.

Жергілікті ерекшелікті ескеретін тәсіл

Италия үкіметі мәселенің ауқымын түсінген соң, 2013 жылы ішкі аймақтарға арналған ұлттық стратегияны (SNAI) қабылдады. Бұл – артта қалған өңірлерді жандандыруға бағытталған place-based бағдарлама болатын. Фабрицио Барка бастаған топ ел картасын «рентгеннен өткізіп», басты өлшемді айқындады: егер ауруханаға, мектепке немесе теміржол станциясына жету үшін 20 минуттан артық уақыт кетсе – ол aree interne, яғни ішкі аймақ саналады. Мұндай аумақтар елдің шамамен 60%-ын алып жатыр, 50%-дан астам коммунаны қамтиды, бірақ онда бар-жоғы халықтың 22%-ы ғана тұрады. Негізгі күш дәл осы өңірлерге бағытталды.
2014–2020 жылдары 72 пилоттық аймақ таңдалып алынды. Бұл – мыңнан аса коммуна, шамамен екі миллион тұрғын. Әрбір аймақ үшін арнайы пакет жасалды: көлік пен байланыс, денсаулық сақтау мен мектеп, кәсіпкерлікті қолдау. Негізгі шарт – «төменнен жоғары» қағидасы: әкімдер күш біріктіріп, тұрғындармен бірге басымдықтарды белгілейді және іске асыруға жауап береді. 2020 жылға қарай 71 аймақтық стратегияға ұлттық және еуропалық қорлардан €1,1 млрд-тан астам қаржы бөлінді. Мұндағы логика екі қырлы еді: базалық қызметтерді қала деңгейіне дейін жеткізу және жергілікті экономиканы қайта тірілту.

«Оңтүстікте қаламын»: жастар кәсіпкерлігіне серпін

Жастарды тек инфрақұрылыммен ұстап қалу мүмкін емес – оларға ең алдымен жұмыс орындары қажет. Осыны ескерген Италия үкіметі 2017 жылы ең кедей өңірлердегі зияткер әлеуеттің сыртқа ағылуына тосқауыл қою мақсатында Resto al Sud («Оңтүстікте қаламын») бағдарламасын іске қосты [6]. Бағдарламаға €1,25 млрд бағытталды. Алғашында ол сегіз оңтүстік облысты (Абруццо, Апулия, Базиликата, Калабрия, Кампания, Молизе, Сардиния, Сицилия) қамтыды және 35 жасқа дейінгі азаматтарға арналды; кейінірек бағдарлама ауқымы жер сілкінісінен зардап шеккен жекелеген коммуналарды да қамтып, жас шектеуі әуелі 46-ға, ал 2021 жылдан бастап 55 жасқа дейін көтерілді.
Бағдарламаның шарттары да айтарлықтай жомарт: бір жобаға құрылтайшылар санына қарай €50–200 мыңға дейін бөлінеді. Оның жартысы – қайтарымсыз грант, қалғаны – мемлекеттік кепілдемемен берілетін жеңілдетілген несие; пайыздық мөлшерлемелерді Invitalia өтейді. Оңтүстікте бұл мекеме ақпараттық орталықтар желісін де іске қосқан. Алайда алғашқы кезеңде өтінімдердің 40%-дан азы ғана мақұлданды – жобалардың шикілігі мен талаптарға сәйкес келмеуі жиі кездесетін. Бұған қоса, жастардың «сәтсіздіктен қорқу» психологиясы да ықпал етті (OECD дерегінше шамамен 60% [7]). Кейінгі түзетулер жағдайды өзгертті: бағдарламаға фрилансерлер де қатыса алатын болды, ал бизнесті ірі қалалардан ауылдық жерлерге көшіруге рұқсат берілді.
Нәтиже көп күттірген жоқ: 2023 жылдың тамызына қарай 16 286 жоба қолдау тауып, 57 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. 2025 жылғы мәлімет бойынша – шамамен 19 мың жаңа кәсіпорын мен 63 мың жұмыс орны құрылған. Ең белсенді аймақтар – Кампания мен Сицилия: мұнда шағын қонақүйлерден мен наубайханалардан бастап агротуризм мен IT-қызметтерге дейінгі алуан түрлі жобалар жүзеге асуда. Сан деректері көрсеткендей, кеше ғана жұмыс іздеп жүрген жастар туған жерінде кәсіпкерлікке батыл қадам жасай бастады.

Италия ауылдарының екінші тынысы

Соңғы жылдары Италияда қолға алынған бірқатар бастама енді жеке кәсіпкерлерге емес, тұтас аймақтарға, әсіресе ең кішкентай әрі тарихи құнды ауылдарға бағытталып отыр. 2021 жылы Еуропалық одақтың Next Generation (дағдарыстан шығу қоры) жоспары бойынша Италияға бөлінген қаржының бір бөлігі борго деп аталатын көне елді мекендерді жандандыруға жұмсалды. Осылайша Attrattività dei Borghi («Ауылдардың тартымдылығы») бағдарламасы дүниеге келді. Жобаға Ұлттық қайта қалпына келтіру және тұрақты даму жоспары (PNRR) аясында 1 млрд еуро қарастырылған. Бағдарламаны Мәдениет министрлігі үйлестіреді, себебі басты назар – жартылай қаңырап қалған жерлерді мәдени және туристік тұрғыдан қайта түлету.
Бағдарлама екі бағыттан тұрады. «А бағыты» – әр аймақта бір-бірден таңдалған 21 пилоттық борго. Жойылудың аз-ақ алдында тұрған бұл ауылдардың әрқайсысына шамамен 20 млн еуро бөлінді. Қаражат тарихи ғимараттарды қалпына келтіруге, музейлер мен мәдени кеңістіктер ашуға, туризмді дамытуға және креативті индустрияларды жолға қоюға жұмсалады. «B бағыты» – жүздеген қарапайым ауылдарды қолдау. Байқау арқылы іріктелген 229 жобаға жалпы көлемі 580 млн еуро бөлінді. Бұл бағыттағы бюджет аздау болғанымен, ауқымы кең: қаражат мектептер мен алаңдарды жөндеуге, ауылды абаттандыруға, жергілікті өнімдерді ілгерілетуге және тұрғындарға арналған іс-шараларға бағытталады. Италия билігі шағын ауылдарды тұрақты туризмнің тірегі ретінде қарастыратынын ашық мәлімдеп отыр: болашақ туристері Венеция мен Римдегі адам ығы-жығының орнына таулы ауылға барып ірімшік дәмін татып, аутентті көшелерді аралауға бет бұрады. Бірақ алдымен бұл ауылдарды жойылып кетуден құтқару қажет.
Айта кетерлігі, Attrattività dei Borghi бағдарламасы тек инфрақұрылым мен мәдениетке емес, ауыл кәсіпкерлігін тікелей қолдауға да көңіл бөледі. 2023 жылы Imprese Borghi атты қосымша жоба іске қосылып, шағын бизнесті дамытуға 200 млн еуро көлемінде грант қарастырылды. Ресми мәліметке сәйкес, 2024 жылдың ортасына қарай борголарда шамамен 2 800 жаңа бизнес-бастама 189 млн еуро көлемінде қаржыландырылды. Бұл негізінен шағын істер – отбасылық қолөнерден бастап әлеуметтік стартаптарға дейін. Дегенмен бір ауылдың ауқымында 5–10 жаңа жұмыс орнының өзі айтарлықтай өзгеріс әкелуі мүмкін.

Жаңа тыныс

Италияда фермер қожалықтарының иелері жылдан жылға қартаюда: бүгінде олардың орташа жасы алпыс жастан асып кеткен. Осы жағдайды өзгерту үшін мемлекет ауыл шаруашылығына жастарды тартуға бағытталған батыл бастамаларға барды. 2022–2023 жылдары Аграрлық нарық қызметтері институты – ISMEA арнайы Generazione Terra («Жер ұрпағы») бағдарламасын іске қосты.
Бағдарламаның өзегі – жас аграрийлерге жеңілдетілген ипотекалық несие беру. 41 жасқа дейінгі кез келген фермер құны €1,5 млн-ға дейін жететін ауыл шаруашылығы жерін сатып алу үшін 30 жылға дейін несие ала алады [9]. Егер жаңа фермерлік компания құрылса, мемлекет оған қосымша €70 000 көлемінде бонус береді. Бұл – алғашқы төлемдерді жабуға мүмкіндік беретін қайтарымсыз қолдау.
Ал әлі тәжірибесі жоқ, енді ғана аяқ басқан 35 жасқа дейінгі жастар үшін шағын көлемдегі мүмкіндік қарастырылған: құны €500 мыңға дейінгі несие. Бұл қаржыны жер сатып алумен қатар аграрлық білім алуға немесе ресми фермер ретінде тіркелуге де пайдалануға болады. Жалпы бюджет шамамен €100 млн-ды құрайды. Мақсат – жаңа толқын фермерлеріне ауыл шаруашылығына ірі бастапқы капиталсыз қадам жасауға жол ашу.
Үкімет бұған қоса жастар жобаларына арнап 800 мемлекеттік жер телімін нарыққа шығарды. Бұл қадам ауылдағы бос жатқан алқаптарды жандандырып, жаңа буын кәсіпкерлеріне тың мүмкіндік береді.
Generazione Terra нәтижелерін айтуға әлі ерте – өтінімдер жақында ғана қабылдана бастады. Дегенмен алғашқы ықылас зор. Әсіресе орталық пен оңтүстікте – онда бос қалған алқаптар да, иесіз қора-қопсы да жетерлік.

Алғашқы нәтижелер

Италия соңғы жылдары ауылдарды тірілтудің түрлі тәсілдерін сынап көріп келеді, және ішінара болса да алғашқы жетістіктер байқалады. Мәселен, SNAI бағдарламасы осыған дейін тек сайлау қарсаңында ғана еске алынатын ауылдарға бөлек қаржы тартуға мүмкіндік берді. Бірқатар өңірлерде көлік қатынасы реттелді: Пьемонттағы Валь Маира алқабында ауыл тұрғындарын қалаға белгілі кесте бойынша жеткізетін ауылдық карпулинг – ортақ көлік қызметі іске қосылды. Лигурияның таулы ауылдарында балалар үшін қашықтан оқу сыныптары ашылып, мектепке дейін бір сағат жол жүретін оқушылар бейнебайланыс арқылы білім алуға мүмкіндік алды. Молизе аймағында шағын дәріханалар «ақылды» дәріханаға айналып, телемедицина арқылы талдау тапсырып, дәрігердің кеңесін қашықтан алуға жол ашылды. Ал Сицилиядағы Мадоние өңірінде ауылдарды қорғау үшін көшкіндерді бақылау жүйелері орнатылды. Осындай пилоттық жобалардың барлығы – ішкі Италияны «қайта жандандыру» стратегиясының бөлігі. OECD сарапшыларының бағалауынша, SNAI көпдеңгейлі басқарудың қызықты үлгісіне айналды: ол түрлі министрліктер мен қорлардың инвестицияларын бір арнаға тоғыстырып, мемлекет пен жергілікті белсенділердің күшін біріктіре алды.
Алайда сын да аз емес. SNAI саясатына он жылға жуық уақыт өтті, бірақ демографиялық құлдырауды тоқтату мүмкін болмады – көптеген ауылдарда халық саны әлі де азаюда. Италия Сенатының деректері бойынша, жүздеген миллион еуро жұмсалғанына қарамастан, бағдарламаның әсері әзірге мардымсыз. Ресми есептердің өзінде-ақ: бағдарламаны енгізу тым баяу жүрді, әсіресе елдің оңтүстігінде кадр мен тәжірибесі жетпеген жергілікті әкімдіктер қаржыны игере алмай қалғаны мойындалған. «Resto al Sud» сынды жобалар да толық шешім емес: олар жаңа кәсіпорындар құрғанымен, сұранысы төмен әрі экономикасы әлсіз өңірлердегі түпкілікті мәселелерді еңсере алмады. Кәсіп бастағандардың бәрі бірдей ұзақ мерзімге шыдай бермейді – жеңілдік кезеңі біткен соң клиент таба алмаса, бизнесті жауып тастауы мүмкін.
Бағдарламаға қатысушылардың пікірлері де әртүрлі. Көптеген жас кәсіпкерлер мемлекет берген мүмкіндік үшін шын жүректен алғыс айтады: «Бұл грант болмағанда, мен Римге даяшы болып кетер едім, ал қазір туған қаламда наубайхана аштым», – деген сияқты сөздерді өңірлік баспасөз жиі жариялайды. Бірақ көңілі қалғандар да бар. Кейбір боргода тұрғындар PNRR қаржысы тек «сыртын әрлеуге» жұмсалды – орталықты сырлап қойды, бірақ жұмыс әлі де жоқ деп шағынады. Неапольдегі Svimez сарапшыларының айтуынша, егер ауылдарда мектеп, аурухана мен интернет сапасы түбегейлі жақсармайтын болса, мұндай бір реттік жобалар жалпы ахуалды өзгерте алмайды. Қала мен ауыл арасындағы тұрмыс пен қызмет сапасындағы алшақтық әлі де тым үлкен.
Соған қарамастан, оң өзгерістер де бар. Жаңа мүмкіндіктер пайда болған жерлерде жастардың көшіп кету қарқыны бәсеңдеді. Коворкингтер, шарапханалар мен агротуризм ашылған ауылдарға адамдар қайта оралуда. Тіпті пандемиядан кейін туған «South Working» құбылысы – оңтүстіктен қашықтан жұмыс істеу үрдісі де кең өріс алды: миландық кеңселерге оралудың орнына, интернеті жақсарған туған провинцияларында қалып жұмыс істеуді таңдағандар көбейді. Осы серпіннің арқасында Италия үкіметі ішкі аймақтарға арналған стратегияны уақытша тәжірибе емес, тұрақты мемлекеттік саясат деңгейіне көтеруді жоспарлап отыр. Еуроодақтың 2021–2027 жылдарға арналған бюджетінде ауылды дамытуға жаңа транштар қарастырылған, ал ұлттық жоспар қаржының ауылға тезірек жетуі үшін рәсімдерді жеңілдетуді көздейді.

Италиядан жеткен сабақ, Қазақстанға жетер ой

Италиядан түйетін басты сабақ – ауылды дамытуға бір ғана тетік жеткіліксіз. Жол салынғанымен, егер ол жерден жұмыс табылмаса – халық тұрақтамайды; грант берілгенімен, егер күнделікті қызмет пен тұрмыс сапасы артпаса – ол да ұзаққа бармайды. Шынайы әсер тек инфрақұрылым, жұмыспен қамту мен күнделікті өмірдің сапасы бір-бірімен тоғысқанда ғана тұрақты болып шығады. Ал бытыраңқы, үйлесімсіз шаралар бір мезетке ғана дүрбелең туғызып, артынан жылдарға созылатын үнсіздікке әкеледі. Осыны түсінген Италия ең әуелі «құлдыраған аймақтарды» картаға түсірді, оларға ерекше мәртебе берді және ресурстарды сол жерге шоғырландырып, place-based деп аталатын тәсілді енгізді: ауруханалар мен мектептерді жаңғыртты, бизнесті субсидиялады, ауылдарды өмір сүруге де, туризмге де лайық мекен ретінде таныта бастады.
Бұл қатарда бөлек бір арна – жас фермерлерге бағытталған саясат. Жер мен техникаға ұзақ мерзімге берілетін несиелер, қасында жүріп жол сілтейтін тәлімгер, аграрлық салада өзіндік кәсіби жол қалыптастыру мүмкіндігі. Қазақстан үшін осы тұстағы сабақ айрықша: ауыл шаруашылығының өзі қартая түсуде, агрономдар мен мал дәрігерлерінің тапшылығы табиғи жолмен шешілмейді. Егер 20–35 жас аралығындағы жастарға «кіру есігі» ашылмаса, ешқандай техника да өздігінен жұмыс істемейді.
Ең үлкен сабақтың бірі – ауылдың болашағын шашыраңқы қадамдармен емес, тұтас көріп, сол көрініске сай жүйелі бағытқа көшу. Жастар үшін шешуші нәрсе – тек айлықтың мөлшері емес, күнделікті тіршіліктің ортасы: жылдам интернет, сенімді дәрігер мен қолжетімді емхана, білімді ұрпақ тәрбиелейтін мықты мектеп, еркін бас қосатын қоғамдық кеңістік.
Сондықтан мәселе – жекелеген ғимарат салып қоюда емес, тұтас аймақтың толыққанды бейнесін жасап, соны табандылықпен іске асыруда. Италия осыны ерте түсінді: қаржыны адамдардың күнделікті өмірін жеңілдетіп әрі тартымды ететін жерлерге бағыттады. Сол кезде ауылда қалу романтика да, ерлік те емес, ақылға қонымды, табиғи таңдау болып шықты. Қазақстан үшін де дәл осындай өлшем ауадай қажет.
Бұл тұрғыда Қазақстандағы Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының ұстанымы назар аудартады. Қор ең әуелі белгілі бір ауданның болашағын елестетуден бастайды, жан-жақты талдау жасайды, содан соң ұзақмерзімді даму стратегиясын құрады. Әлеуметтік-экономикалық белсенділікті зерделеп, бар артықшылықтар мен кедергілерді анықтайды. Стратегия үш негізгі бағытты қамтиды – экономика, әлеуметтік орта және экология. Оның жүзеге асуы екі басты қағидатқа сүйенеді: шешімдерді бизнес, билік және қоғам бірлесіп қабылдайды (жобалар сырттан дайын күйінде «түсіп» келмейді), ал жоспарлау «болашақтан бүгінге» қарай құрылады – яғни, он, жиырма жылдан кейін аудан қандай болуға тиіс, соған қарай бюджет пен ресурстар бағытталады.
Мұндай тәсіл әңгімені «салдық та, есеп бердік» дейтін құр формуладан арылтып, нақты мән-мағынаға бұрады: адамдар қандай кәсіппен айналысады, олардың күнделікті тұрмысы қалай реттеледі, неліктен жас отбасылардың ауылда қалуы – қисынды әрі сенімді таңдау.
Қорытынды: Италияның тәжірибесі дәлелдейді – нәтиже жекелеген нысандардың қосындысынан емес, жинақталған стратегиядан, табанды іске асырудан және нақты өлшеуге болатын нәтижеден шығады. Қазақстан ауылдың болашағын жобалағанда осы жинақтау принципіне сүйенуі керек. Өйткені мақсаттар ортақ: тұрақты даму, мәдени мұраны сақтау, аумақтарды әділетті дамыту. Айырмашылық тек қолданылатын құралдар мен қарқындылықта.
Дереккөздер
  1. Wikipedia (EN). Ұлттық ішкі аймақтар стратегиясы. https://en.wikipedia.org/wiki/National_Strategy_for_Inner_Areas
  2. Дүниежүзілік банк деректері. Қалалық халық (% жалпыдан) — Италия. https://data.worldbank.org/indicator/SP.URB.TOTL.IN.ZS?locations=IT
  3. Openpolis. Ішкі аймақтар: халық санының азаюы және қызметтер тапшылығы. https://www.openpolis.it/le-aree-interne-tra-spopolamento-e-carenza-di-servizi/
  4. Openpolis (Сандар). Соңғы онжылдықтарда ішкі аймақтар қаңырап бос қалды, ал агломерациялар өсе түсті. https://www.openpolis.it/numeri/negli-ultimi-decenni-si-sono-spopolate-le-aree-interne-hinterland-in-crescita/
  5. Аймақтық ынтымақтастық агенттігі. Ішкі аймақтарға арналған ұлттық стратегия (SNAI). https://www.agenziacoesione.gov.it/strategia-nazionale-aree-interne/
  6. Invitalia. Оңтүстікте қаламын (Resto al Sud). https://www.invitalia.it/incentivi-e-strumenti/resto-al-sud
  7. ЭЫДҰ. Инклюзивті кәсіпкерлік: Италия бойынша елдік жазбалар (GEM деректері; жастардың >50%-ы сәтсіздіктен қорқады). https://www.oecd.org/content/dam/oecd/en/publications/reports/2024/11/inclusive-entrepreneurship-2018-country-notes_bf2c7290/italy_1f5ca8dd/07265e39-en.pdf
  8. Мәдениет министрлігі. PNRR — Инвестиция M1C3/2.1 “Ауылдық аймақтар мен тарихи қоныстардың тартымдылығын арттыру”. https://pnrr.cultura.gov.it/misura-2-rigenerazione-di-piccoli-siti-culturali-patrimonio-culturale-religioso-e-rurale/2-1-attrattivita-dei-borghi/
  9. ISMEA. Generazione Terra (“Жер ұрпағы”). https://www.ismea.it/Startup/GenerazioneTerra
  10. Ынтымақтастық саясаты департаменті. Майра мен Грана алқаптарының стратегиясы (SNAI) — бірлескен көлік пен кар-пулинг шешімдері. https://politichecoesione.governo.it/media/2709/strategia_valli-grana-e-maira.pdf
  11. Италия Республикасы Сенаты. Ішкі аймақтарға арналған ұлттық стратегияның алғашқы нәтижелері (Фокус, 2023). https://www.senato.it/application/xmanager/projects/leg19/attachments/documento/files/000/112/493/DV13_Focus_Primi_risultati_SNAI.pdf