Жаңалықтар

Жас музыканттар Катонқарағайды танытып жүр

Ауылдық аймақты тұрақты дамыту қоры осыдан екі жыл бұрын белгілі композитор, мультиинструменталист Еділ Құсайыновқа Катонқарағай ауданына келіп, балаларға сабақ беруін өтініп, ұсыныс білдірген-ді.
Міне, екі жыл бойы ұстаз катонқарағайлық балаларды музыкаға баулып, ұлттық өнерді дәріптеп, оқушылардың талантын шыңдап жүр.
“Оқушыларым қазірдің өзінде жетістіктерімен қуантып жүр. Оқу жылының басында келген оқушылардың барлығын қабылдаймын, жыл соңына қарай іріктеліп, музыкаға бейімдері қалады. Былтыр Өскемен, Алматы қалаларында өткен фольклорлық аспаптар байқауына қатысып, бас жүлде иемденіп, лауреат атанып келді. Шындығына келсек, Қазақстанда сыбызғышылар саусақпен санарлық. Сондықтан оқушыларымызға қызығып, таң қалатындар баршылық”, - дейді Еділ Құсайынов.
Музыканттың айтуынша, Катонқарағайдың әуелден келе жатқан дәстүрлі аспабы — сыбызғы.
“Осы жердің Шанақ Ауғанбаев деген белгілі сыбызғышы ұлы болған. Катонқарағайдың тұмса табиғатына сыбызғының дауысы үндесіп, лайық болып тұрады. Қазақ халқы музыкаға әуелден бейім. Қорқыт, Құрманғазы аталарымыз нота білмесе де дәулескер күйші, жыршы болды. Ол нотаны түсіну, тыңдай алудың бойымызда барын білдіреді”, - дейді ұстаз.
Еділ Құсайынов балалардың аспапқа, үйренуге дегене ерекше ынтасын атап өтті.
“Қор ең әуелі аспаппен қамтамасыз етті. Қазір балалар сол аспаптарда ойнап жүр. Бүгінде сыбызғы мектебі тек осы ауданда ғана бар деп айтуға болады. Байқауларға барғанда Катонқарағайдың атын естімеген азаматтарды да кездестірдік. Енді сыбызғыда ойнайтын балалар туған жерін танытуға үлес қосып жүр. Тамызда Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы атап өтіледі. Балалармен сонда өнер көрсетуді жоспарлап жүрміз. Балалардың ынтасы жақсы, тіпті өздері байқауға қатысуға сұранып жүреді. “Мына жаққа барсақ” деген ниетін жасырмайды. Балаларды үлкен сахналарға шығару үшін фестивальдерге қатысу ойда бар. Шетелге де барып қалармыз деген арманымыз жоқ емес”, - дейді белгілі музыкант.