Жаңалықтар

Катонқарағай оқушылары Алматыда өткен халықаралық байқауда бас жүлде жеңіп алды

Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауылының оқушылары Алматы қаласында өткен халықаралық шығармашылық халық ансамбльдерінің байқауында бас жүлде жеңіп алды.

Катонқарағайдағы С.Ластаев атындағы мектепте бірнеше жыл бұрын музыкалық аспаптар болмағандықтан, оқушылар нотаны еркін меңгермеген еді.

Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының қолдауымен музыкалық сынып жабдықталып, 2020 жылы «Мұрагер» ұлттық аспаптар оркестрі құрылды. Дәл осы оркестрдің құрамына мектептің 30 оқушысы кіреді.

Бүгінде оқушылар Petrof роялінде, жетіген, сазсырнай, домбыра, сыбызғы, шаңқобыз және асатаяқ секілді ұлттық аспаптарда ойнай алады. Оларды бұл өнерге баулыған ұстаз – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, этномузыкант және композитор Еділ Құсайынов.

2022 жылдың 18 мамырында Нұрдана Омар жетекшілік ететін «Мұрагер» ұлттық аспаптар оркестріндегі 3-9-сыныптың 20 оқушысы Алматы қаласында өткен «Жарық жұлдыз» байқауында бас жүлдеге ие болып қайтты.

Ал 3-сынып оқушысы Рафхатқызы Аяна жетіген аспабы бойынша І орын иеленді.