4 сәуір күні қазақтың көне музыкалық аспаптарын меңгерген белгілі сазгер, фольклор зерттеушісі және қорымыздың досы Еділ Құсайынов өзінің жаңа BUL BUL Zaman альбомын таныстырды.
Лондондағы Abbey Road студиясында жазылған альбомды тыңдауға жиналған Алматы жұртшылығы этномузыканттың көмейінен төгілген тамаша туындыларынан бөлек, Steppe sons фолк-рок тобы мен Mirha Katoya-ның өнеріне куә болды.
Көне түркі аспаптарының сиқырлы үніне елтіген көрермендер альбом авторы мен кеш қонақтарының жеке қолтаңбаларын алды.
Еділ Құсайынов – жетіген, сыбызғы, сазсырнай, қамыс сырнай, қауырсын сырнай, шаңқобыз сияқты ұлттық аспаптарды шебер меңгерген музыкант. Оның ерекше талантының бірі – төменгі және жоғары дыбыста көмеймен шырқау. Осы кезге дейін Вашингтондағы Кеннеди орталығы, Париждегі ЮНЕСКО залы, Нью-Йорктегі Карнеги холл, Лондондағы Альберт холл тәрізді әлем сахналарында өнер көрсетіп жүрген сазгер 2006 жылы Токиода жеке концертін берді.
Еділ Құсайыновтың шығармашылығы дәстүрлі және заманауи музыка мотивтерімен қатар, фольклор, этно-симфониялық және этно-джаз-рок сияқты әртүрлі жанрлардың тоғысуынан туған. Сонымен қатар ол – «Құрақ көрпе», «Келін» және «Аңшы бала» атты бірнеше көркем фильмге арналған композициялардың авторы.