«Біздің жобаларымыз аймақтардағы білім сапасын арттыруға және қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған. Қазір серіктестермен бірлесіп, ел бойынша 86-дан астам мектепті қамтитын тірек мектептер желісін құрудамыз. Біздің әрбір мектебімізде робототехника кабинеттері бар. Сол ауылдық тірек мектептердің атынан бүгін 30-дан астам команда келіп отыр. Біз олардың фестивальде жақсы нәтиже көрсетуі үшін барлық жағдайды жасауға тырыстық», – дейді Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.
«Біз робототехниканы мектепте сәуір айынан бері жүргізіп келеміз. Фестивальге қатысу шарттарымен танысқаннан кейін бірден дайындыққа кірісіп кеттік. Мұндай байқауға бірінші рет қатысып отырсақ та, өз біліміміз бен шеберлігімізді өте жоғары деңгейде көрсеттік деп ойлаймын», – дейді Күйкен мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Елдар Таңхаев.
«Ерсұлтан үшінші сыныпта оқитындықтан, біз фестивальге 6-9 жас санаты бойынша қатыстық. Ол көктемде менің робототехника клубыма келгенде робот-инкубатор жасау идеясын ұсынды. Солайша, біз роботтың макетін Lego Spіkу құрастырғыштары арқылы жасап шықтық. Қазылар алқасы шәкіртіміздің жұмысын жоғары бағалап, жүлделі екінші орынды еншіледік», – дейді Жансая Қуатбай.